ЖАҢАЛЫҚТАР
Болашақ актер
Ғазиз – керекулік өнерсүйер қауымға танымал бала. Ж.Аймауытов театрындағы кәсіби актерлер ұжымына сіңіп, бүгінде киелі сахнада түрлі рөлдерді сомдап жүр. Жалпы саны онға жуық қойылымға қатысып, кейбір жауапты образдарды да сәтті алып шықты.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында өнерпаз жасөспірімді әңгімеге тарттық.
Ғазиз Атығаевтың жасы 10-да, биыл Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 5-сыныбын тәмамдады. Айтуынша, театрдағы алғашқы рөлін небәрі 6 жасында, «Бір түп алма ағашындағы» Мақсаттың кішкене шағын сомдаған. Кейін театр сахнасында қойылған «Ана – Жер-Ана», «Әбілмансұр-Сабалақ-Абылай», «Тасжүрек», «Ұждан», «Кербез келіндер» қойылымдарында балалардың рөлдерінде көрдік.
«Үйде төрт баланың үшіншісімін, жалғыз ұлмын. Анам осы театрда еңбек етеді, кішкене кезімнен онымен бірге жұмысына жиі келіп, актер ағай-апайлардың дайындықтарын тамашалағанды жақсы көретінмін. Бірде маған «Бір түп алма ағашының» қоюшы режиссері кішкентай Мақсаттың рөлін ойнап көрші деді. Айтқандарын жасап едім, ағайға ұнаған сияқты. Сөйтіп, сахнаға шығарды. Кейін басқа да рөлдерді ойнадым. Дайындық барысында талай қызық болып тұрады. Жақында «ІІІ Ричард» спектаклінде Йорк және Кларенсті сомдап, дайындық кезінде тосын жағдай болды. Бір ағайдың ойын барысында үстел үстіндегі ыдысты лақтыратын жері бар. Соны сермеп қалғанда көзімнің алдынан зу етіп өте шықты. Мені барлығы еркелетеді, өскенде бізден асқан актер боласың деп арқамнан қағып жатады. Маған сахнаға шығып, түрлі рөлді сомдаған ұнайды», деп театрдағы әсерімен бөлісті жас талант.
Былтыр Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка театры Мәскеуде өткен халықаралық фестивальға қатысқанда Ғазиз труппамен бірге сапарлап, «Ұждан» әпсанасында бала рөлін сомдады. Мәскеуде Жүсіпбек Аймауытов жерленген зиратқа барғанын, онда жерленген Алаш арыстарының басына гүл шоғын қойғанын жеткізді.
«Кішкентай кезімде «Шаңырақ» орталығында үйірмеге қатысып, ертегі кейіпкерлерін сомдайтынмын. Одан соң анаммен ақылдасып, Құрманғазы атындағы музыка мектебінде виолончель сыныбына оқуға түстім. Мектептен тыс уақытта сонда барамын. Ал өткен жылы Павлодар қаласында түсірілген «Игра с нулевой ставкой» фильмінде эпизодта ойнадым», дейді ол. Жуықта Павлодарға Алматыдан М.Әуезов театры келгенде театр труппасында бала жетпей, Мансұр өзге балалармен бірге бірнеше қойылымға қатысыпты. Әдетте кинодан ғана көретін жұлдыздармен бір сахнада ойнап, олардан үлкен сабақ алғанын айтады.
Ғазиз бос уақытында Аңсар, Мансұр, Мұзафар, Ақылжан есімді достарымен доп теуіп, футбол ойнаса, демалыс күндері әкесімен «Ертіс» футбол клубының ойындарын тамашалайды. Театрдағы актерлік өнерін әрі қарай шыңдап, болашақта актерлік оқуға түссем деген үлкен мақсаты да бар. Әңгіме соңында қазақ киноларын, соның ішінде тарихи картиналарды сүйіп көретінін айтты. Өскенде сондай тарихи киноларға түссем, қазақтың белгілі хан-батырларын сомдасам деген асқақ арманы да бар.
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ
01.06
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ
0
0