Спектакль-концерттің премьерасы мамыр айының 28-29-ы күндері өтеді, деп хабарлайды
@Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шәмші» спектакль-концерті сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады.
Қойылымның авторы – Нұркен Тұрлыбек, режиссері – Әділет Ақанов. Басты рөлде Бейбіт Шәнім, екінші құрамда Кенжеғазы Қарымсақов ойнайды.
Театр сахнасында бұған дейін Шәмші Қалдаяқов Исмаиль Сапарбайдың «Сыған серенадасында» сахналанған. Сол кезде де басты рөлді театрдың қазіргі таңда аға буын әртісі Бейбіт Шәнім мен Кенжеғазы Қарымсақов ойнаған.
– Араға ұзақ жылдар салып Шәмшіге қайтадан оралдық, – дейді режиссер Әділет Ақанов. – Шәмші әндері – әрбір қазақты туғаннан өлгенге дейін тәрбиелеп өткен әндердің бірі. Сол себепті Шәмші – ол мәңгілік, ешқашан да ұмытылмайды және әрқашан да өзекті. Негізгі мұрындық болған Бейбіт аға десек те болады. Ол оның әндерін жақсы көреді. Бір әңгіме барысында шабыт оянып, Нұркен Тұрлыбек екеуміз ойлана келе өзіміз қойылымды жазуға кірістік. Енді, міне, спектакль-концертіміздің премьерасы болады. Халық бағасын бере жатар.
Басты рөлді сомдайтын актер Бейбіт Шәнім қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндері жүрегіне жақын екенін, сүйіп тыңдайтынын айтады.
– Шәмшінің өзі ақын, өзі сазгер, әзіл қалжыңға жүйрік адам болған. Қойылымда бұл қырларын көрсете аламын деп ойлаймын, – дейді актер.
Айта кетейік, 20-25 қыркүйек күндері Павлодарда алғаш рет республикалық театрлар фестивалі өтеді. Фестиваль қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған.